Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарада әріптестік орталығының құрылысы басталды
10 сәуірде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекарада (Гишткуприк — Жібек Жолы) «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық әріптестігі орталығының іргетасын қалау салтанаты өтті.
Өзбек үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов пен Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин қатысты.
«Орталық Азиядағы жалғыз жоба аймақтағы сауда мен экономиканы дамытуға қосымша үлес қосады», — делінген үкімет мәлімдемесінде.
Қазақстан премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықаралық орталық 400 гектар жерге салынады, сол арқылы бір тәулікте 35 мың адам және 5 мың жүк көлігі өтеді.
Маминнің мәлімдеуінше, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері екі ел арасындағы сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр.
newstaraz.kz