Өмірден қыршын кеткен ақтөбелік қыздың тағдыры көрерменді жылатты
Фото: aktobegazeti.kz
Кинокартинаның сценарийіне Астана қаласындағы Өнер университетіне оқуға түскен студент қыздың ауыр дертке шалдығып, оның сауығып кетуі үшін достарының қалай көмектесуге тырысқаны туралы шынайы өмірден алынған оқиға арқау болған.
Фильмге басты кейіпкер болып алынған Ақерке Жұрымбаева 1993 жылы Ақтөбенің Әйтеке би ауданында дүниеге келген. Жастайынан өнерге жаны құмар дарынды жас көптеген ән байқауларына қатысып, жүлдегер атанды. Мектепті үздік аяқтап, Астанадағы Өнер университетіне оқуға түсті.
Ақеркені білетіндер студенттік шағы басталғаннан-ақ көптеген үлкен сахналарда, Қалқаман Сариннің жыр кешінде өнер көрсеткенінен хабардар. Алайда, жұлдызы жарқырай жанып келе жатқан жас қызға кенеттен қан рагы диагнозы қойылып, шетелде ота жасау үшін қомақты қаражат талап етілген.
Фильмнің режиссері Нәзия Назарбектің айтуынша, құрбысының сырқатын білгеннен кейін бүкіл университет болып жұмылып, жастар оны емдетуге ақша жинауға кіріскен. Студенттер Астананың ірі сауда орталықтарында қайырымдылық концерттерін қойып, донор болуға қан тапсырып, барынша қол ұшын беруге тырысқан. Көп ұзамай Ақеркеге Түркияда ота жасауға кезектен тыс квота беріліп, ота сәтті аяқталады. Өкінішке қарай, ауру бойын меңдеп алған бойжеткен 20 жасқа толар-толмас шағында 2013 жылы көз жұмады.
«Оқиғаның негізгі желісін еш өзгеріссіз қалдырдық. Ақерке өмірден өткеннен кейін үш айдан соң фильм түсіруді қолға алдық. Өкінішке қарай, қолдау білдіретін адамдар таба алмадық. Несие алып, азын-аулақ ақшамен 2015 жылы өз күшімізбен түсіреміз деп ұйғардық. Сондай-ақ қаржыны жинауға Ақеркенің ата-анасы мен туысқандары, достары көмектесті. Ақеркенің ең соңғы күніне дейін жанынан табылып, қолдау көрсеткен Азамат есімді сүйгені болды. Ол оған аурумен күресуіне септігін тигізді. Фильмде осы шынайы сезімге деген адалдық, өмірге деген құштарлық суреттеледі», — дейді Нәзия.
Премьераға келген зал толы көрерменнің көзіне жас үйіріліп, жастардың өнеріне зор ризашылығын білдірді.
«Фильм өте ұнады. Кейіпкердің менің қызыммен ұқсастықтары өте көп екен. Ақерке балабақшаға барған сәтінен бастап ән айтып, би биледі. Мектепте қандай да бір іс-шара болса, сонда жүретін. Қызымның барлық адал жүректі дос-құрбыларына зор ризашылығымды білдіремін. Елімізде осындай жастардың барына қуанамын», — деді Ақеркенің анасы Бибінұр Бекенбаева.
newstaraz.kz