ҰҚШҰ бас хатшысы Қырғызстан мен Тәжікстаннан шекарадағы атысты тез арады доғаруын сұрады

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының бас хатшысы Станислав Зась қырғыз бен тәжік биліктерінен шекарадағы атысты доғаруын сұрады. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында хабарланды.

Мәліметтерге қарағанда, Станислав Зась Қырғызстан және Тәжікстан қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары Марат Иманқұлов пен Насрулло Махмұдзодамен телефон арқылы келіссөз жүргізді.

«Шекарада тағы да әскери қақтығыс болғаны қатты алаңдатып отыр. Адамдар жараланған. Тәжік-қырғыз шекарасындағы қарулы текетірес тез арада тоқтауы тиіс. Жанжалды тек қана үстел басындағы бейбіт келіссөздермен шешкен жөн. ҰҚШҰ Қырғызстан мен Тәжікстанға дауды шешуге көмектесуге әзір», — деген ҰҚШҰ бас хатшысы Станислав Зась.

27 қаңтарда кешке қарай тәжік-қырғыз шекарасында атыс болды. Қырғызстанның Баткен және Лейлек аудандарындағы бірнеше ауыл тұрғыны көшірілді. Жанжал Баткен – Исфана жолын ашу кезінде болған. Қырғыз жағы қаруды бірінші қолғандан тәжік тарапын айыптап отыр. Тәжік билігі болса жолды қырғыз жағы жапты деп мәлімдеген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий