29 наурызда Transparency International ұйымының орыс бөлімі Гүлнара Каримованың қаржысының Өзбекстанға қайтарылу процесі ашық жүріп жатқан жоқ деп мәлімдеді.
Олар жасаған баяндамада өзбек үкіметін азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға шақырған.
Құқық қорғаушылардың сөзінше, Өзбекстанда соңғы жылдары реформа жүргізу үшін және коррупцияға қарсы күресу үшін заң базасы құрылған.
«Бірақ соған қарамастан мемлекеттік органдарда тамыр- таныстық, кедергілер, жемқорлық әрекеттер көрініс алып жатыр», — делінген мәлімдемеде.
Қазір Өзбекстанда елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримованың көлеңкелі жолмен тапқан делінген АҚШ және Швейцарияда бұғатталған 1,3 миллиард долларын қайтару процесі жүріп жатыр.
Өзбекстан мен Швейцария арасындағы келісімде қаржыны қайтару процесі ашық болу үшін азаматтық қоғам өкілдері қатысады деп көрсетілген.
Бірақ өзбек билігі бұл процесті құпия жүргізіп жатыр.