«Құмтөр Голд Компаниядің» бұрынғы сырттай басқарушысы Теңіз Бөлтүрік пен басқа да күдіктілер 844 миллион 512 мың 858 сом (9,6 млн доллардан асады) шығынды өтеген.
Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Құзырлы орган мәліметінше, шығынның 80 пайызы өтелген.
Сәуір айында бас прокурор Құрманқұл Зулушев «Құмтөр» ісі аясындағы шығын 1 млрд 146 млн 449 мың 161 сом болғанын, соның 830 миллион сомы өтелгенін айтқан.
Прокуратура Бөлтүріктің өзі нақты қанша ақша қайтарғанын хабарламады. Құзырлы орган шығынның қалғаны да өтеліп жатқанын мәлімдеді.
2022 жылғы қыркүйекте Бас прокуратура «Құмтөр Голд Компани» жабық акционерлік қоғамы қызметін тексерген соң үш қылмыстық іс қозғаған. Тергеу нұсқасына қарағанда, компания мемлекетке 1 млрд сомнан аса шығын әкелген. Осы іс аясында Теңіз Бөлтүрік, жабықтар жеткізу жөніндегі маман Айша-Гүл Фронтбек қызы және қаржы директоры Рыспек Тоқтоғұлов ұсталған. 2023 жылғы қаңтарда «Құмтөр Голд Компания» бұрынғы атқарушы директоры Қанат Құрманов ұсталғаны мәлім болды.
Ақпанның аяғында Бөлтүрік президент Садыр Жапаровқа хат жазып, «Құмтөрдегі» жемқорлықты жоя алмағаны үшін кешірім сұраған. Бірақ ол жемқорлық қылмысына қатыспағанын айтқан.
30 сәуірде Бішкектің Октябрь аудандық соты Теңіз Бөлтүрікті үйқамаққа шығарды.
2021 жылы Қырғызстан үкіметі Құмтөр алтын кенін мемлекет бақылауына алып, Теңіз Бөлтүрікті «Құмтөр Голд Компани» сырттай атқарушы директор қызметіне тағайындады. Бұған дейін ол Centerra Gold Inc директорлар кеңесінде Қырғызстан өкілі болған. 2022 жылғы ақпанда кәсіпорын «Ұлы көшпенділер мұрасы» ұлттық холдингіне өтіп, Теңіз Бөлтүрік соның басшысы атанған.