Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Елнар Қансейіт ісі бойынша аға сержант 6 жыл 6 айға сотталды

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Елнар Қансейіт (ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы) ісі бойынша әскери қызметкер алты жарым жылға сотталды.

Алматы гарнизонының әскери соты Талдықорғандағы N18404 әскери бөлімінің аға сержанты 33 жастағы Серікбол Мұратханды Қылмыстық кодекстің «Билікті асыра пайдалану» (451-бап, 2-бөлім, 1-тармақ) бабы бойынша кінәлі деп таныды.

Бұған дейін прокурор аға сержант Серікбол Мұратханға 7 жыл түрме жазасын тағайындауды сұраған.

Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Серікбол Мұратхан соңғы сөзінде қару атпағанын, жазықсыз екенін тағы қайталаған.

Бұған дейінгі сот отырысында оқылған іс материалында былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы N18404 әскери бөлімінен Алматыдағы алаңға Калашников автоматымен қаруланған 200 жауынгер 158 мың оқ, 200 автоматпен қаруланып келгені, 6 қаңтарда кешкісін Сәтбаев-Назарбаев көшелерінің қиылысында осы жауынгерлердің бірі Елнар Қансейіт айдаған көлікке оқ жаудырғаны» айтылған.

Осы іс бойынша күдікті танылған аталған әскери бөлімнің аға сержанты, 33 жастағы Серікбол Мұратханға «Билікті асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылған. Ақпаратқа қарағанда, ол 21 қазаннан бері тергеу изоляторында отыр.

Бұған дейін сотта жауап берген әскери қызметкерлердің бірі 2022 жылы 6 қаңтарда Алматыдағы алаңға барғанда «өздеріне оқ жаудырғанын, сол себепті әуеге оқ атуға мәжбүр болғанын» айтқан. Соттағы сұрақ-жауаптарды құқық қорғаушылар жариялап келеді. Сондай хаттамалардың біріне қарағанда, сотта Қаңтар кезінде әскери қызметкерлер «қателесіп, бір-бірін ата бастағаны» айтылған.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапқан. Олардың көбі 2022 жылы 6 қаңтарда Алматының Республика алаңында әскерилер оғынан өлген деп айтылады. Марқұмдардың туыстары олардың өлімі әлі ашылмағанын айтқан.

Құқық қорғаушылар құжаттау барысында 5 қаңтарда 80 адам, 6 қаңтарда 72 және 7 қаңтарда 65 адам қаза тапқанын анықтаған. Алматыда 103, Талдықорғанда алты, Шымкентте 29, Атырауда бір, Өскеменде үш, Қызылордада 20, Таразда 15 адам көз жұмған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий