«Қаңтарда көрсеткен азапты 1 миллион теңгемен жуа салу». Өскемен тұрғыны сот шешіміне келіспейді

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты 25 мамырда Өскемен тұрғыны Тілеужан Сайлауұлына Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғаны үшін мемлекет есебінен 1 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарған.

Қаржы министрлігінен 20 миллион теңге өтемақы талап еткен Тілеужан Сайлауұлы сот шешіміне келіспейді.

Тілеужан Сайлауұлы жұмыссыз қалған екі ай уақыты мен адвокат жалдау ақысын өндіріп беруді сұраған.

Сот қаулысы бойынша, еңбекақысыз қалған екі айына 301 мың теңге, қорғаушы жалдау шығынына 830 мың теңге төленеді.

– Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендер – әділетсіз сот, әділетсіз жүйенің құрбаны. Судья дәлелімізге немқұрайды қарады. Қылмыскер тәрізді қамап, атымызға кір келгені үшін әділ шешім шығарайық демеді. Моральдық шығынға 1 миллион теңге ғана беруі күлкілі. Жеген таяғым, көзім нашарлағаны, педагог деген мәртебеме кір келтіргені, отбасымның ауыр жағдайда қалғаны ескерілмеді. Соққыдан көзімнің көруі нашарлағаны туралы дәрігер берген құжатты, оған операция жасауға жұмсалатын қаржыны да көрсеттім. Судья оның бірін де ескермеді, – деді Сайлауұлы Азаттық тілшісіне.

Тілеужан Сайлауұлы Өскемендегі Қаңтар оқиғасынан кейін бес күнен соң әуелі уақытша ұстау изоляторына, кейін сот санкциясымен екі ай түзеу мекемесіне қамалған. Оған «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бабымен тағылған айып дәлелденбей, іс қысқартылған.

Бұған дейін Астана соты Қаңтар кезінде азапталғанын айтып, биліктен өтемақы талап еткен Өскемен тұрғыны Ерқанат Жеңісұлына соттың бірінші инстанциясы берген 10 млн теңгені 3 млн теңгеге азайтып тастаған.

Ал Астананың Есіл аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде «азапталғанын» айтқан өскемендік Ренат Жұбақовтың моральдық өтемақы алуға берген талап арызын ішінара қанағаттандырған.

Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының Азаттыққа берген ақпаратына қарағанда, Өскеменде Қаңтар оқиғасына байланысты 28 қылмыстық іс қозғалған. 25 адамға «жаппай тәртіпсіздік» бабымен тағылған айып дәлелденбей, істері қысқартылған. Үш іс әлі сотқа жетпеген.

Шығыс Қазақстан облысында «полиция Қаңтар оқиғасына байланысты азаптады» деген шағыммен 33 талап арыз түскен. Олардың ешқайсысы «дәлелденбеген».

Шығыс Қазақстан облысында Қаңтар оқиғасы кезінде үш адам оқтан қаза болған. Олардың есімі «Қазақстан халқына» қорының «кездейсоқ құрбандар» тізіміне енгізілген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий