Қамаудағы тәжік журналисі Далер Имомәли денсаулығы нашарлағанын айтты

Қамаудағы тәжік блогері Далер Имомәлидің туыстары оның денсаулығы нашарлағанын хабарлады. Журналист тыныс алуы қиындағанын айтқан.

Далер Имомәлидің анасы Шодигүл Бобиева соңғы мәрте ұлымен 28 шілдеде тергеу изоляторында кездескен. Сол күні ол денсаулығы әз емес екенін айтқан. «Далердің көңіл-күйі пәс екен. Ол тыныс алу қиындағанын айтып, оған неге тергеуші келмегенін сұрады», — дейді блогердің анасы. Ана ұлының үстінен қозғалған іс бойынша тергеу қашан аяқталатынын білмейді.

Далердің әйелі Зайтун Иноятова 14 тамызда адвокатқа барып, күйеуімен кездестіруін сұраған. Бірақ құжаттар дайын болмай, ол абақтыға кіре алмаған. Зайтуннің айтуынша, Далерге тағы бір адвокат жалдаған, бірақ екі аптадан бері оның денсаулығы туралы ешқандай хабар жоқ.

Далер Имомәли — салық төлеуден жалтарды деген айыппен қамауға алынған үш тәжік журналисінің бірі. Оның әріптесі Абдулло Гурбатиті әуелі милиция қызметкерінің талабын орындамады деген айыппен ұсталды, бірақ кейін оған тыйым салынған Ислам өркендеу партиясына мүше болды деп айыптады.

Қамауда отырған тағы бір журналист Абудусаттар Пірмұхаммадзоданың туыстары тергеу изоляторына күнде тамақ алып барады, бірақ біраздан бері онымен кездесе алмай жүр.

Кейінгі үш айда Тәжікстанда жеті блогер мен журналист ұсталды. Тағы бірнеше журналист билік қысымына ұшырағанын мәлімдеді. Халықаралық ұйымдар тәжік билігінен қудалауды доғаруын талап етті.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий