Қарағанды облысында шахтерлар жалақыны өсіруді талап етті

20 шілдеде Қарағанды облысы Шет ауданындағы «Ақжал» кенішінде «Нова цинк» компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты. Олар жалақыны 50 пайызға өсіруді талап етті. Бұл жөнінде ekaraganda.kz сайты жазды.

Шахтерлар өз еңбегінің дұрыс бағаланбайтынын, төмен жалақы алатынын, бұған қоса, еңбек жағдайының өте нашар екенін алға тартты.

«Жалақыны көптен бері өсірген жоқ. Бұл жөнінде көптен бері айтылып жүр. Былтыр да айтылған. Бұған дейін ереуіл жекелеген цехтарда болған. Нәтижесі жоқ. Жарты жыл бойы бізге жақсы жалақы мен еңбек жағдайын уәде етті. Қазір барлық жұмысшы ереуілдеп жатыр. Жалақыны 50 пайызға өсірсін деп отырмыз. Еңбек жағдайы өте нашар» деп басылым шахтерлардың сөзінен үзінді келтіреді.

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, артынша кәсіпорын өкілдері жұмысшылармен келіссөз жүргізген.

«Ұйымдастыру мәселелері бойынша келісімге қол жеткізілді, қалған мәселелер 3 тамызға дейін шешіледі. Қазіргі кезде кәсіпорын жұмысшылары жұмыс орындарына кетті, өз міндеттеріне кірісті» деді әкімдік өкілдері.

Өндіріс кәсіпорындары көп шоғырланған Қарағанды облысында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылар ереуілі жиі болады. Былтыр «Абай» шахтасындағы апаттан кейін «АрселорМитталТеміртау» жұмысшылары наразылыққа шыққан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий