Қарағанды облысында субсидия дауына ілінген шаруалардың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтады. Бұған дейін мемлекет облыстағы фермерлерден субсидияны қайтаруды талап етіп, сотқа шағымданған еді. Ал шаруалар биліктің әрекетіне наразы болған.
Қылмыстық іс тоқтағаны жайлы ақпаратты облыстық жемқорлыққа қарсы қызмет 3 қарашада растады.
Бұл ведомство «субсидияа бөлінген қаржыны жымқыру» фактісі бойынша бірнеше шаруа мен Қарағанды облысы ауыл шаруашылық басқармасының бірнеше шенеунігін тергеген.
Жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық іс құрамы жоқ деп тапқан, мұнымен облыстық прокуратура келіскен. Ал фермерлер істің тоқтағанын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан білген. Шаруалар бұған дейін мәселелерін айтып, «Атамекенге» қайырылған еді.
— Антикор мен прокуратура шаруалар кінәсіз екенін, субсидияны заңды алғанымызды дәлелдеп шыққанына қуаныштымын. Жүйкемізді жұқартты. Жазда жайлауға барудың орнына Қарағандыдан Нұр-Сұлтанға келіп жүрдік. Мәселені шешеміз деп жүргенде шаруашылығымыздың жұмысы зиян шекті, қажетті жем-шөпті толық дайындай алмадық, — деді шаруалардың бастамашыл тобының жетекшісі Айдос Құлмағанбетов.
Шілденің соңында Қарағандыда шаруалар шенеуніктер мен прокурорлармен кездесіп, субсидияны қайтаруға қарсы болған. Олар субсидияны заңға сай алып пайдаланғандарын айтқан.
Осыдан бірнеше күн бұрын жемқорлыққа қарсы агенттік арнайы операция кезінде ауыл шаруашылығы министрлігіндегі істеген бірнеше шенеунік ұсталғанын хабарлаған. Ұсталғандар – Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен ШҚО, БҚО, Ақмола, Түркістан, Жамбыл облысынан. Агенттіктің мәліметінше, шенеуніктер субсидияға бөлінген бюджет қаржысын жымқыру күдігіне ілінген.