Қарағанды облысының ауданаралық экономикалық соты «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Күзембаев атындағы шахтасындағы құрылғылардың жұмысын тоқтатты.
Шахтадағы құрылғылардың жұмысын тоқтатуды төтенше жағдай министрлігінің Қарағандыдағы өнеркәсіп қауіпсіздігі департаментінің тексерушілері сұраған.
Тексерушілер шахтағы құрылғылар жұмысшылардың өміріне қауіп төндіреді деп тапқан. Сотта АМТ компаниясы бұрын анықталған олқылықтарды реттемегені де анықталды: Компания сегіз кемшіліктің алтауын дұрыстамаған.
14 желтоқсандағы сотта компания өкілі олқылықтарды мойындап, оларды реттеуге тағы да уақыт сұрады. Ал сот шахтадағы мәселелер толық шешілмейінше құрылғылардың жұмысын тоқтатты.
Сот кезінде бұл шахтаның апаттық жағдайда тұрғаны, қауіпсіздік сақталмағаны анықталды.
Қарашада АМТ компаниясының Абай шахтасында болған апаттан соң тексеріс күшейген. Абай шахтасындағы апаттан алты шахтер қаза тауып, үшеуі жараланған еді.
Осы оқиғадан соң төтенше жағдай министрі Юрий Ильин АМТ компаниясындағы олқылықтарды бірнеше рет анықтап, сотқа шағымданғанын, бірақ соттар айыппұлмен шектелгенін айтқан.
«Арселор Миттал Теміртау» Қарағанды облысының бірнеше қаласындағы шахталар мен Теміртаудағы металлургиялық комбинатты иеленіп отыр. Күзембаев шахтасы – компанияның облыстағы сегіз шахтасының бірі.