Қарағандыда облыстық сот алдында пикет өткізген тұрғын Сәния Зверева 5 күн әкімшілік қамауға алынды. Ол 1 және 2 маусым күндері сот алдында пикет өткізіп, «сот органдарының әрекетсіздігіне» және «сот шешімінің мерзімінен бұрын күшіне енуіне» қарсылық білдірген.
Зверева сот ғимараты алдына екі рет келіп, пәтерақысын төлеуге ақшасы жоғын, сол жерде заттарымен бірге қалатынын айтқан. Айтуынша, оның есепшоты сот шешімі бойынша бұғатталған, сот шешімді апелляцияға беру құқығынан да айырған.
Сәния Зверева өзінен моральдық өтемақы талап еткен бұрынғы қарсыласының шағымы бойынша істе жауапкер танылған. Аудандық сот қарсыласының өтінішін орындап, шешімге шағымдануға мүмкіндік бермеген. Бұған дейін процессуалдық заңсыздық болғаны дәлелденген, алайда әзірге ештеңе өзгермеген.
Азаттық тілшісі «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыпталған Сәния Звереваның сотына онлайн қатысты. Сот оны аталған бап бойынша кінәлі деп танып, әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
«Мен мемлекеттің кесірінен көшеде қалдым. Жағдай күрделі болғандықтан пикетке шықтым. Сіздер маған бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деп кінә артасыздар. Ал шешімге шағымдануға мүмкіндік бермей, оны күшіне енгізген сот заңды бұзған жоқ па? Шағымдану уақытын қалпына келтіру туралы өтінішімді орындамады, сот қаулысын бермеді. Бұл заңды ма?» деді Сәния Зверева.
Ал шешімді түсіндірген судья Құлдыз Малдыбаева оған «пикет туралы жергілікті органға ескертуіңіз керек еді» деді.
Звереваның қамау мерзімі 2 маусым кешке яғни, ұсталған сәтінен бастап есепке алынады. Сол күні облыстық сотпен кездесуді талап еткен Звереваны полиция ұстап, полиция бөліміне жеткізген, ол жақта 3 маусым таңертеңге дейін ұстаған. Содан кейін сотқа апарған. Осының бәрін Зверева видеоға түсіріп, билік пен құқық қорғаушылардың назарын аударты үшін әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыққан.
Қазақстан заңнамасы кез келген акция өткізгісі келетін адамды жергілікті биліктен рұқсат сұрауға міндеттейді. Сыншылар бейбіт жиын туралы заң азаматтардың Конституцияда бекітілген бейбіт жиналу құқығын бұзады деп санайды. Билік 2020 жылы қабылданған заңды «демократияға қадам» деп бағалаған. Алайда құқық қорғаушылар елде митинг өткізбеу тетіктері сақталып қалғанын айтады.