Қарақалпақстан ІІМ басшысы қызметтен алынды

Қарақалпақстан ішкі істер министрі Аманбай Орынбаев қызметтен алынды.

Үкіметтің «Халық сөзі» газетінің хабарлауынша, Аманбай Орынбаев Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының экология мәселелері жөніндегі бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

Аманбай Орынбаев ішкі істер министрі қызметіне 2022 жылғы наурызда келген. Қарақалпақстан ІІМ басшысы қызметіне кім тағайындалғаны әзірге белгісіз.

23 шілдеде Қарақалпақстан прокуроры қызметіне Эркабой Тәжиев тағайындалған.

Тәжиевтен бұрын бұл қызметте Фарход Алламбергенов отырған. Эркабой Тәжиев Қарақалпақстан прокуроры қызметін 2016-2017 жылдары атқарған. 2019 жылдан бастап ол Қашқадария прокуратурасын басқарған.

1-2 шілдеде Қарақалпақстандағы наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласуына байланысты республикада осындай ауыс-түйіс болып жатыр.

Қарақалпақстан астанасы Нөкіс және аймақтағы басқа да қалаларда тұрғындар Қарақалпақстан егемендігі мәртебесін алып тастауға қарсы шықты.

Наразылық күшпен басылды. 4 шілдеде Өзбекстан билігі 18 адам қаза болып, 516 адам ұсталғанын мәлімдеді. Сол күні Өзбекстан парламенті Қарақалпақстан егемендігі мәртебесін өзгеріссіз қалдыру жөнінде шешім қабылдады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий