Биыл Қазақстан президенттігіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға барған бір күндік сапары барысында қырғыз президенті Сооронбай Жээнбековпен бірінші рет оңаша кездесті.
Кездесуден кейін екі президент журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков соңғы кездесудің қорытындысына көңілі толатынын жеткізіп, жаңа әріптестіктің тереңдеуін барлық қарым-қатынастан көруге болатынын білдірді:
«Екі ел арасында өзара сауда қарым-қатынасының өскенін ерекше атап өттік. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 10,5 пайызға өскен. Қырғызстанда жұмыс істейтін қырғыз-қазақ компанияларының саны 1900-ға жеткені экономика бағытындағы жаңа игі істерге жетелейді. Бүгінгі кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Басты құжаттардың бірі — Қырғызстан мен Қазақстан ортасында үш жылдық әріптестік бойынша кешенді бағдарлама. Аталған бағдарлама екі жақты әріптестіктің барлық түрін қамтиды», — деп атап өтті қырғыз президенті.
Президент айтқан меморандум, келісімдер арасында инвестиция тарту, экономикалық қылмыстарға қарсы күрес, миграция, денсаулық сақтау және екі ел ортасындағы «Ақтілек» және «Кара-Суу» өткізу бекеттеріне жаңа көпір салу секілді тоғыз құжатқа қол қойылды.
Журналистер алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс саласына көп көңіл бөлді. Ол 2015-2018 жылдары екі ел арасында сауда айналымы 30 процентке өсіп, 900 миллион долларды құрағанын жеткізді.
Қазақ президенті екі ел ортасындағы ирригациялар саласындағы қарым-қатынасқа тоқталып, «Орталық Азияда су ресурстары — ортақ байлық» деп атады. Ол суды бірлесіп қолдану керектігін көтерді.
Орталық Азияда дарияның жоғары жағында орналасқан Қырғызстан мен Тәжікстан және төмен жағында орналасқан Қазақстан мен Өзбекстанның су ресурстарын қолдану бойынша ұстанымдарында айырмашылық бар.
Қырғызстан мен Тәжікстан суды тауар ретінде қолдану керектігін айтса, Қазақстан мен Өзбекстан суды ортақ байлық ретінде көреді.