Шымкент ҚПД ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен ағымдағы жылдың 19-шілдесінен бастап «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Мақсаты — қала аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Осы орайда, Шымкент қаласы бойынша іс-шараның 9 күнінде 10182 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 223 автокөлік айыптұраққа қойылды. Атап айтқанда: тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 88, техникалық байқаудан өтпеген – 239, темір тұлпар тізгінінде ұялы телефон пайдаланған – 438, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кеткен – 152, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 132, авариялық жағдай туындатқан – 21 тұлғаға хаттама толтырды. Жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған – 1495, басып озу немесе маневр жасау тәртібін бұзған – 163, қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 16, темір жол өтпелерінен өту қағидаларын бұзған – 43, көлік құралын мас күйде басқарған – 20, заңсыз жолаушы тасымалдаған – 1796, күңгірттеу – 486, сақтандыру заңнамасын бұзған – 269, мемлекеттік тіркеу белгісі жоқ – 11, жол белгілерінің талаптарын орындамаған – 1584, көлік құралын құжатсыз басқарған 77 жүргізуші анықталды.
Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолағынан емес, кез келген жерден жолды кесіп өтпек болып, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін дегендер саны да аз емес. Өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 4261 хаттама толтырылған.
Мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегендерге көлік құралын басқаруы үшін қайтадан тексерістен өтуі керектігі түсіндірілді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі