«Қазақмыс» Жезқазған елді мекеніндегі тұрғындарды Қарағанды облысының басқа аймағына көшірудің неге маңызды екенін түсіндірді.
Азаттықтың ресми сауалына жауап берген «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған мыс кеніші игерілген күннен (1930 жылдан) қазіргі кезге дейін жер астында қуыс пайда болғанын, оның кез-келген уақытта құлап түсуі мүмкін екенін жеткізді.
«Апаттың алдын алуы үшін бірнеше жолдар қаралды: тұрғындарды көшіру немесе қазылған жерлердің орнын толтыру, бірақ билік өкілдерімен келіскеннен кейін тұрғындарды көшіру жайлы шешім қабылданды», — деп жауап берді «Қазақмыс».
Тұрғындарды көшіруге жауапты мекемелер — Қарағанды облысының әкімдігі, индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі, ауыл шаруашылығы және қаржы министрлігі.
Осыған дейін сарапшы Владимир Лаврик Азаттыққа сұқбат бергенде, тұрғындар үшін де, билік үшін де ең тиімді жол елді-мекеннің жер астындағы қазылған қуыс жерлердің орнын толтыру деген болатын. Бұл көп қаржыны қажет етпейді деген еді. Ал қазір тұрғындарды көшіру үшін бюджеттен миллиардтаған қаржы қарастырылып отыр.
Бүгін елді мекеннен әлі көшпеген 30 отбасы қалды. Олардың дені үкімет белгілеген өтемақымен келіспей отыр. Өтемақы мөлшерін ұлғайтпаса, көшуден бас тартып отыр.
«Қазақмыс» Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші кәсіпорын. Ол тек мыс ғана емес, құйма алтын, күміс шығарады. Оның иесі миллиардер Владимир Ким. Америкалық Forbes журналы оның қазіргі дәулетін 4,7 миллиард долларға бағалап отыр.