Қазақстанға қашқан Ресей майорына депортация қаупі төнді

Астана қыркүйекте мобилизация басталғаннан кейін Қазақстанға қашқан ресейлік әскери қызметкерге босқын мәртебесін беруден бас тартты. Бұл жөнінде Reuters агенттігі жазды.

Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы шыққан 36 жастағы майор Жилин «өзін соғысқа жіберуі мүмкін екені айқын болған шақта» қыркүйекте Қазақстан шекарасын кесіп өткен, деп жазды майордың әйелі Екатеринаның сөзіне сүйенген ақпарат агенттігі.

Reuters жазуынша, ол Семейға «заңсыз кіргені үшін» ұсталып, сотталған. Сот оған алты ай шартты жаза тағайындап, Ресейден шығаруды қаулы еткен. Қазақстан билігі оның босқын мәртебесін сұрау өтінішін орындамаған. Депортациядан қашып құтылғысы келген Жилин Канаданың Астанадағы елшілігіне қабылдауға жазылуға тырысқан, бұдан соң Арменияға кетпек болғанда әуежайда ұсталған. Reuters жазуынша, қазір ол қамау мерзімін ұзарту туралы сот шешімін күтіп отыр.

Қазақстан ішкі істер министрлігі ақпарат құралдарына бұл іс бойынша ақпарат бермеді. Жилиннің адвокаты телефон арқылы комментарий беруден бас тартты, деп жазды Reuters.

Көші-қон қызметі Азаттық тілшісіне ресми сауал жіберу қажеттігін айтты.

Ресейлік әскери қызметкердің әйелінің сөзіне қарағанда, күйеуі «Ресей басшылығының Украинаға қатысты әрекетімен» келіспеген және әскери қызметтен босаған жағдайдың өзінде де «құпия мағлұматтарды білетін тұлға ретінде» елден заңды түрде кете алмаған.

Әйелі күйеуінің Ресей заңнамасын бұзды деген күдікпен ұсталғаны жөнінде полиция анықтамасын да көрсеткен. Құжатта Ресей қылмыстық кодексіндегі «әскерден қашу» және «мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту» баптары көрсетілген. Екатерина Жилинаның әйелі екі баласымен бірге Қазақстанға заңды түрде келген, деп жазды Reuters.

Журналист Евгения Балтатарова Телеграм-арнасында Қазақстанға қашқан майордың ФСБ қызметкері екенін жазған. Оның айтуынша, босқын мәртебесін бермеу туралы шешім қараша соңында шыққан және адвокаттар оны апелляцияға беруге тырысып жатыр. Ұсталған майор қазір Астанадағы изоляторда қамауда деп айтылады.

Reuters мақаласында аталған жағдай Қазақстан билігін күрделі дипломатиялық диллема алдында қалдырды деп жазды.

Қыркүйек айында Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін ресейліктер көрші елдерге, оның ішінде Қазақстанға да ағылған. Екі апта ішінде Ресейден 700 мың адам кетті, 200 мыңы Қазақстанға келген, деп жазды қазан айында Forbes басылымы.

Қазақстан ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қыркүйекте Астана өз елінде халықаралық іздеу жарияланған ресейліктерді ғана Мәскеуге тапсыратынын мәлімдеген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий