Қазақстан үкіметінің өкілдері 17 желтоқсанда «Қамбар ата — 1» гидроэлектр станциясы (ГЭС) құрылысына қатысуға қаншалықты мүмкін екенін зерттеу үшін Қырғызстанға барады.
Бұл жөнінде Қырғызстан үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров мемлекеттік телеарнаға берген сұқбатында айтқан.
«Егер бәрі дұрыс болса, келесі жылы құрылысты бастаймыз. Қазір біз ақшаны кімнен аламыз, соны іздеп жатырмыз. Егер ГЭС-ке Өзбекстан мен Қазақстан қатысатын болса, олардың үлесі қандай болмақ, осыны да талқылаймыз. Өткен жаз қолда бар ресурстарды бірігіп пайдалану керек екенін көрсетті. Біз Нарыз өзенінің тек 1,5 % пайдаланамыз, қалғанын көршілер қолданады. Көршілер де бірге жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр», — деді Қырғызстанның үкімет басшысы.
Биыл наурыз айында Қырғызстан Өзбекстанмен бірлесіп «Қамбар ата — 1» ГЭС құрылыс жобасын салатын болдық деп мәлімдеген.
Аталған ГЭС құрылысын о баста 2012 жылы Ресей салуы керек болған. Бірақ құрылыс тым ұзаққа созылып кеткесін, 2016 жылы Қырғызстан тарабы біржақты келісімді бұзды.
Кейін 2020 жылы қырғыз үкіметі қытаймен келісімге келгенін мәлімдеген. Бірақ одан кейін билік өзгерген соң, бұл тақырып қайта көтерілмеді.
Егер «Қамбар ата — 1» гидроэлектр станциясы салынатын болса, бұл Қырғызстандағы ең ірі ГЭС болады. Қуаты –1860 МВт, жыл сайын 5 млрд кВт/с электр энергиясын өндіретін болады.