Қырғызстан министрлер кеңсесінің төрағасы Ақылбек Жапаров Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминмен Бішкекте «Еуропа одағы — Орталық Азия» экономикалық форумы аясында кездесті.
Жүздесуде Қазақстанның коронавирусқа қарсы вакцина салдырған қырғызстандықтар үшін жердегі өткізу пунктерін ашу мәселесі де талқыланды. Бұл туралы Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметтерге қарағанда, екі республиканың тиісті министрліктері осы мәселені қарастырады.
Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы өткізу пунктері 2020 жылғы көктемнен бері қырғызстандықтар үшін жабық тұр. Қырғызстан азаматтары көрші елге ұшақпен ғана бара алады. Ал Қазақстан азаматтары Қырғызстан шекарасынан кедергісіз өте алады. Қазақстандықтар үшін өткізу пукнтерінде шектеу жоқ.
Коронавирус пандемиясына дейін екі ел шекарасындағы «Ақ-Жол» тексеру-өткізу пункті арқылы тәулігіне 10 мың адам мен 1,5 мың автокөлік өтіп жүрген. Туристік маусым кезінде шекарадан күніне 35 мың адам, 2,5 мың автокөлік өтетін.
Екі ел үкіметтерінің басшылары сауда мен экономика, ауыл шаруашылы және энергетика салаларындағы әріптестік мәселелерін де талқылады. Ақылбек Жапаровтың айтуынша, екі ел президенттері республикалар арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.