Фото diapazon.kz
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі жұмыс істейтін жастардың, қоғамдық көлік жүргізушілерінің, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлердің есірткіге тәуелділігін скрининг арқылы анықтайтын міндетті тексеріс енгізу мәселесін заң жобасына қосуға әзірленіп жатыр.
«Бұл жөнінде сейсенбі күні үкімет отырысында денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев айтты» деп хабарлайды «Власть» басылымы.
Шенеуніктің сөзінше, қазір психикаға әсері күшті заттардың денеде бар-жоғы адам жұмысқа алғаш қабылданғанда, жүргізуші куәлігін алғанда немесе оған қару ұстауға рұқсат берілгенде бір-ақ рет тексеріледі.
Бірінші орынбасардың айтуынша, әлемдік тәжірибеде адамның есірткіге тәуелді немесе тәуелді емес екенін тексеру оның жеке бас құқығына қол сұғу болып есептелмейді. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі алкоголь мен психикаға әсері күшті заттарды пайдалану деңгейін скрининг арқылы анықтауды ұсынады.
Үкімет жиынынан кейін журналистермен сөйлескен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов синтетикалық есірткі кең таралып отырғанын, оған қол жеткізу қиын болмай қалғанын айтты. Оның сөзінше, орта мектептерге есірткінің түр-түрі тараған.
«Біз оны айтпай отырған жоқпыз. Бүгінде нақты саны жоқ. Менің ойымша, тексеріс кезінде биоматериалдарды скринингіден өткізген жөн. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын қолдаймыз» деді ол.
ІІМ биоматериалды тексергенде есірткі табылса, адам қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылмайтынына сендірді. Ақпарат тек ата-анаға беріледі.
19 миллионнан астам халқы бар Қазақстанда 18,5 мың адам есірткіге тәуелді екені анықталған. Ресми органдар есірткіге тәуелді, бірақ есепте жоқ адамдар бұдан әлдеқайда көп деп біледі.