Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарын Украинадан шығару әрекетін жасап жатыр

Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев Азаттық тілшісіне қазақстандықтарды эвакуациялау жолдары туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, Украинаның әуе кеңістігі жабық, сондықтан елшілік басқа жолды қарастырып жатыр.

— Әуежай іздеп жатырмыз. Қай жерге Air Astana’ның ұшағы қонатын мүмкіндік барын анықтау керек. Беларусьпен шекара жабық. Молдоваға автокөлік жолы Одесса арқылы баратындықтан қауіпті. Ол жерлерде соғыс болып жатыр. Ең қауіпсізі Львов қаласы, азаматтарға сол жаққа баруды ұсынып жатырмыз. Ары қарай Польша не Венгрияға шығаруға тырысамыз. Азаматтардың Еуропа елдеріне визасы жоқ, сондықтан қай мемлекет бізге жасыл коридор бере алатынына байланысты. Әзірге жоспар осындай, – деді елші.

Елшінің сөзінше, Киев көшелерінде кептеліс, тұрғындарда дүрлігу бар. Соған қарамастан елшілік жұмыс істеп тұр. Қазір елшілік ғимаратында Қазақстанның 30 шақты азаматы бар. Украинадағы Қазақстан елшілігінің мәліметінше, 2 мыңдай азамат консулдық тіркеуде тұр.

24 ақпанда таңертең Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы қазақстандықтарды эвакуациялау амалдарын қарастырып жатқанын хабарлаған.

Бейсенбі күні күндіз Киев облысында тұратын қазақстандық оппозиция белсендісі Владимир Козлов Азаттыққа елшіліктен эвакуация жайлы хабар түсті, бірақ уақыты мен орнын нақтыламады деп айтқан.

Өзбекстанның Киевтегі елшілігі де Украинадан кеткісі келетін азаматтардың тізімін жасап, оларды эвакуациялау жоспарын жасап жатыр.

Өзбекстан елшілігі эвакуациялау жолын www.uzbekistan.org.ua сайты арқылы және әлеуметтік желілер арқылы хабарлайтынын жеткізді. Сонымен бірге азаматтарын embassy@uzbekistan.org.ua поштасына хабарласуын сұрайды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий