Қазақстан Ресей-Украина қақтығысында араағайын болуға дайын екенін мәлімдеді

Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеуде араағайын болуға дайын. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурыз «Нұр Отан» съезінде осылай деп мәлімдеді.

«Қазақстан өз тарабынан көмектесуге, қажет болса араағайын болуға дайын» деді Тоқаев.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері көрші елдердегі жағдайға алғаш рет пікірін айтқан Тоқаев «Минск келісімі қағаз жүзінде қалды. Оның соңы Украина аумағындағы әскери қимылға соқтырды. Геосаяси жағдай бұрын-соңды болмаған дәрежеде ушықты. Өкінішке қарай, қазір бұл тенденцияның қайтымсыздығы туралы айту орынды. Сол себепті біз екі мемлекетті (Ресей мен Украина — ред.) келіссөз арқылы өзара тіл табысуға, келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы даудан нашар бейбітшілік артық. Бейбітшіліксіз даму жоқ. Қазақстан өз тарабынан көмектесуге, қажет болса араағайын болуға дайын» деді.

Ол Ресейге салынған санкцияның Қазақстан экономикасына кері әсеріне дайын болуға және оған төтеп беру қажеттігін алға тартты.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне алты күн болды. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр.

Украина шығысындағы қақтығысты реттеуге бағытталған 2014 жылы қабылданған Минск келісімінде Украинаның территориялық тұтастығын бұзбау және сепаратистік «республикаларды» Украинаға қайтару жөнінде айтылған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий