Қазақстанның қорғаныс министрлігі «Қазақстан мен Тәжікстан үкіметі арасындағы қайтарымсыз әскери көмек беру жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын әзірледі.
Заң жобасын парламент бекітсе, Қазақстан Тәжікстанға әскери көмек ретінде 3 млн-нан астам қару-жарақ береді.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл келісімге халықаралық шарттарға сәйкес биыл қол қойылған.
Әскери техникалар Жамбыл облысының Отар станциясындағы әскери аумақтан алынып, темір жол арқылы Душанбенің Рохати станциясына жеткізілмек. Келісімге сәйкес әскери мүліктен салық алынбайды. Тәжікстан тарапы шығынды өз жауапкершілігіне алады.
Душанбе мен Астана арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 7 қаңтарынан басталған. Екі ел 2015 жылы стратегиялық әріптестік жөніндегі келісімге қол қойған.
19-20 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Тәжікстанға барған. Онда екі ел президентінің кездесуі барысында сауда-экономикалық қатынасты нығайту, инвестиция тарту, көлік-транзит мүмкіндігін арттыру жөнінде келісімге келген. Сонымен бірге Қазақстаннан оқу орындарын ашу жөнінде де талқылаған. Делегация мүшелері 6 құжатқа қол қойған. Ол құжаттардың арасында әскери көмек жөнінде келісім болмаған.