Қазақстанда жоғары оқу орындарын бітірген ауған студенттері елге қайтуға қорқып отыр. Ауған жастары биліктен азаматтық немесе тұруға рұқсат сұрайды.
Олардың көбісінің республика аумағында заңды түрде қалу мерзімі аяқталуға жақын.
Барна Каргар өмірінің көп уақытын Ауғанстанда өткізген. Бес жыл бұрын ол мектепті аяқтай салысымен Қазақстандағы университетке түскен. Ол елге оралып, жұмысқа орналасуды көздеген. Бірақ тәліптердің билікті басып алуы Барнаның жоспарын өзгертті.
«Мен өзім үшін де, отбасым үшін де алаңдаймын. Бізді Қазақстаннан депортацияласа, біз қайда барамыз? Елге қайтқан күннің өзінде тәліптер толы әуежайдан түсуге тура келеді. Олар біздің шетелде оқып келгенімізді білсе, сол жерде атып тастайды», – дейді Барна Каргар.
Оның 27 жастағы отандасы да елге қайтқысы келмейді. Ол танып қояды деген оймен камераға түсуден, есімін атаудан бас тартты. Жас жігіт Ауғанстанға оралу қауіпті деп есептейді.
«Ауғанстаннан шамамен мыңға жуық студент осында оқуға келді. Олардың 90 пайызы Ауғанстанға қайтып, қазір сонда жұмыс істеп жүр. Бес-он пайызы оқуды аяқтау үшін осында қалды. Ауғанстанға кеткендердің, осында қалғандардың да өміріне қауіп төніп тұр», – дейді ауған жігіті.
Үкіметаралық келісімге сәйкес, Ауғанстан жастары Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға рұқсат алған. Қазір елде жүзден астам ауған студенті бар. Олардың дені Қазақстан азаматтығын сұраған. Оларға құжат жинауға «Ариана» орталығы көмектесіп жатыр.
«Нұр-Сұлтанда осы мәселемен айналысқан адамдармен кездестім. Ауғанстанда жағдай тұрақталғанша, Қазақстанда оқыған студенттер осында қалады. Олар тіркеуге тұрады немесе виза алады», – деді «Ариана» ауған орталығының төрағасы Васток Ахмадулла.
Қазақстанның көші-қон қызметіндегілер пікір беруден бас тартты. Тиісті мекемелердегі шенеуніктер де үнсіз отыр. Азаматтық сұраған ауған студенттерінің жағдайы туралы ресми Нұр-Сұлтан ешқандай мәлімдеме таратқан жоқ.