31 мамырда Алматыда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, марқұмдарға құран бағышталды.
Ашаршылық құрбандарын еске алу мемориалында өткен шараға қала әкімі Ерболат Досаев, ғалымдар, жазушылар, қала тұрғындары мен азаматтық белсенділер, бас-аяғы жүзден аса адам жиналды.
Жиында сөйлеген жазушы Смағұл Елубай осы күнге дейін Қазақстан парламентінде «бір де бір рет ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу болмағанын» айтты.
Тарихшы ғалым Хангелді Әбжанов Қазақстан тарихын зерттеуде әлі күнге дейін кедергілер барына назар аударды.
«1993 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде заң шыққанымен, архив құжаттары әлі күнге ашылған жоқ. Сол құжаттар ашылмайынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу аяқталды деп айта алмаймыз. Тоталитаризм әлі жалғасып жатыр», — деді Әбжанов.
Тарихшылардың дерегінше, 1937-38 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. 1928 жылғы кәмпескенің соңы 1932-34 жылдардағы ашаршылыққа ұласып, түрлі дерек бойынша, Қазақстанда 1,3-1,5 млн адам қаза болған.
1988 жылғы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты репрессия кезінде атылған Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймаутов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мағжан Жұмабаев бастаған 14 қазақ зиялысын ақтады. Ал 1993 жылы 14 сәуірде Қазақстан «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдаған. Содан бері ел сталиндік репрессияда атылғандарды, қудаланғандарды ақтау процесін жүргізіп жатыр.