14 қаңтарда Қазақстанда парламенттің жоғары палатасы депутаттарын сайлау өтті. Сенат депутаттарын мәслихат сайлайды.
Орталық сайлау комиссиясы 14 қаңтарда түсте сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады.
«Власть» сайтының топтастыруынша, бұрын сенат депутаты болған төрт адам қайта сайланған. Сенатқа облыс мәслихаттарының бес хатшысы, төрт әкім орынбасары, екі аудан әкімі, бір облыстық басқарма жетекшісі, министрліктің орташа дәрежедегі бір жетекшісі өткен.
Сайланғандардың үшеуі – әйел. Жаңа депутаттардың орташа жасы — 53,6: ең үлкені – 62 жаста, ең жасы 42 жаста.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сенбі күні 17 облыстан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан жиыны 20 депутат сайлануы тиіс. 20 орыннан 55 кандидат үміткер. Алматыдан – 4 кандидат, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әрқайсысынан екі кандидат қатысады. Қалған аймақтар мен Шымкент, Астана қалаларынан үш кандидаттан қатысады.
Сайлаушылар тізімінде 3 168 мәслихат депутатының аты-жөні бар. Олардың басым бөлігі Түркістан (317) және Қостанай облыстарынан (263).
Сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс берсе, сайлау өтті деп саналады. 50 пайыздан көп дауыс алған кандидат сайланады.
Конституция бойынша сенатқа әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала мен астанадан екі депутаттан сайланады. Сенатта президент тағайындаған 15 депутат қалған. Биыл кезектен тыс мәжіліс сайлауынан кейін (мерзімі әзірге белгіленген жоқ) сенаттағы он депутатты президент тағайындайды. Олардың бесеуі Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысы бойынша таңдалады.
Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы мәжілістің тоғыз депутатын да сайлаған. Алайда 2022 жылы наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «халыққа жолдауында» мәжіліс «ешкімге жасанды түрде артықшылық бермеуі тиіс», сайлаушылар ландшафтының айнасы болуы керек деп мәлімдеген. Ол ассамблея квотасы сенатқа ауыстырылып, саны 9-дан 5-ке дейін азаяды деген.
Былтыр маусымда Қазақстан Конституциясына сәйкес өзгерістер енгізілді. Бұған қоса, мәжіліс депутаттарын партия тізімі бойынша ғана емес, бір мандатты округ бойынша сайлауды да қарастыратын нормалар енгізілген. Конституциядан бірінші президентке қатысты нормалар алынып тасталды. Билік мұны «демократияға қадам» деп сипаттаса, сыншылар «үстірт өзгерістер мен авторитар билік режимінің сақталып қалғанын» айтты.
Былтыр жыл соңында сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркелмек болған бірнеше азаматтық белсендінің өтініші қабылданбады. Олар конституциялық құқықтарының бұзылғанын айтқан, ал аймақтық сайлау комиссиялары олардың сайлау заңында жазылған талаптарға сәйкес еместігін алға тартқан.
Қазақстанда сенат президенттің ұсынысымен Жоғарғы сот төрағасы мен судьяларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді сайлайды. Сенат президенттің конституциялық сот төрағасын, ұлттық банк жетекшісін, бас прокурор, ҰҚК жетекшісі, жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындауға келісім береді.
Елде сенат үш жыл сайын өтеді.