Қазақстанда тағы 1103 адам Covid-ке шалдықты. Он адам қайтыс болды

Қазақстанда 23 наурызда 1088 адамнан коронавирус табылып, тағы жеті адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Елде 22 наурызда 15 адамнан «коронавирус пневмониясы» (анализі теріс, бірақ Covid белгілері бар) анықталды. Олардың 11-і Ақтөбе облысында тіркелген. «Пневмониядан» үш адам қайтыс болды.

ПТР тестінен коронавирус анықталғандардың басым бөлігі – Алматы (380) мен Нұр-Сұлтанда (152). Қазір бұл екі қалада қатаң шектеу енгізілген.

Елде ресми түрде 235 095 адамнан коронавирус табылды. 2941 науқас қайтыс болды.

Бұл статистикаға «коронавирус пневмониясы» енбеген. Билік «пневмония» статистикасын тек 1 тамыздан жүргізе бастаған. Сегіз айға жуық уақытта елде 50 146 адам «коронавирус пневмониясына» шалдығып, 667 адам көз жұмды.

Жазда індет өршіп, пневмониямен елде ауруханаға түскендер мен көз жұмғандар күрт көбейген. Бірақ тамыздың басына дейін «пневмонияға» шалдыққан және көз жұмғандар ешқандай статистикаға енбей қалды. Министрлік маусым-тамыз арасында «коронавирус пневмониясына» шалдыққандарды «техникалық қиындықтарға» сілтеп, статистикаға қоспады.

Денсаулық министрлігі өзінің ресми статистикасын коронавирус табылғандар мен «коронавирус пневмониясына» шалдыққандар деп екіге бөліп жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, билік былтыр коронавирус табылған мыңға жуық марқұмды «өліміне басқа дерт себеп болды» деп ресми статистикаға қоспаған.

Көп сарапшылар Қазақстанда індетке шалдыққандар мен көз жұмғандар әлдеқайда көп деп, ресми статистикаға сенбейді.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 124 миллионнан аса адамнан вирус табылған. 2,7 миллионнан аса адам көз жұмса, 70 миллионнан аса адам дерттен айықты.

centralasian.org

Комментарий (0)
Добавить комментарий