Қазақстанда жүргізушілер жанармайдың қымбаттауына қарсы наразылық білдіруді жалғастырып жатыр

30 қыркүйекте Шымкент – Самара тас жолының 766-шақырымындағы Батыс Жер кемпингі маңында 30 шақты адам наразылық білдірді. Олардың талаптары біреу – жанармайды қымбаттатпау.

Жүк көлігінің жүргізушілері «солярканың қымбаттығы өз алдына, оны шектеп сата бастады. Үйінен ұзай алмай отырғандар көп» деп шағымданды.

«Солярка бағасының шарықтап кеткеніне наразымыз. Тамызда әкімдік жол ақылы болмайды, солярка қымбаттамайды деп уәде берген. Ол кезде солярканың бір литрі 167 теңге болатын. Қазір 270 теңге. Біз сол ескі тарифпен жүк әкеліп тұрмыз. Енді 270 теңгемен солярка құйып, әрі қарай жүруіміз керек. Бірақ ол жолымызды ақтамайды» деді наразылардың бірі Қанат Сағымбаев.

Ақтау мен Алматы арасында жүк таситын жүргізуші әрбір жүз шақырымға 35 литр солярка кететінін, жылыту құралы сияқты қосымша шығындар барын да айтты.

«Екі айда 100 теңгеге қымбаттады. Апта сайын 10-12 теңгеге қымбаттап жатыр» деді ол.

Жүргізушілердің айтуынша, түске дейін облыс әкімінің орынбасары келіп, наразыларды сабырға шақырған. Бірақ нақты уәде бермеген.

«Олар Ресейден 100 мың тонна солярка әкелеміз деді. Бірақ нақты қашан әкелетінін айтпады. Жауабына көңіліміз толған жоқ» деді Әлібек Әнішев есімді жүргізуші.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Азаттық тілшісіне телефон арқылы «мемлекет нарықтағы бағаны реттей алмайды, дизель тапшылығын болдырмау үшін Энергетика министрлігі Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр» деді.

Шараны полиция қызметкерлері алыстан бақылап тұрды.

30 қыркүйекте Түркістан облысында да ондаған жүргізуші жанармайдың қымбаттауына наразылық білдірді. Ақпаратқа қарағанда, полиция оларды таратуға тырысқан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий