Қазақстандықтар зейнетақы қорынан бір миллиард доллардан астам қаражатын алған

423,7 миллиард теңге (миллиард доллардан астам) қаражатты Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтардың есепшотына аударған. Олардың дені тұрғын үй мәселесін шешуге өтініш берген.

12 ақпандағы жағдай бойынша, 1 855,9 миллиард теңге сомасына 115 608 өтінім қабылданған. Оның ішінде өңдеуге қабылданған 423,6 миллиардқа 78 074 өтінім мақұлданғаны айтылады БЖЗҚ хабарламасында.

«Адамдар алынған жинақтардың 87 пайызын тұрғын үй мәселелерін шешуге, оның 45,5 пайызын — тұрғын үй сатып алуға; 28,3 пайызын — ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге; 10,5 пайызын — «Отбасы банкте» немесе екінші деңгейдегі банктерге бастапқы жарнаға ипотека алуға; 2,3 пайызын — жеке тұрғын үй құрылысына, ипотеканы қайта қаржыландыруға, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеуге және өзге де мақсаттарға жұмсауға ниетті», — делінген хабарламада.

Зейнетақы активтері 2021 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша, жыл басынан бері 213,9 миллиард теңгеге немесе 1,7 пайызға ұлғайып, 13,1 триллион теңгеге жеткен. Биыл есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 178,5 миллиард теңге, зейнетақы жарналарының көлемі — 88,8 миллиард теңге болды.

Риелторлардың айтуынша, соңғы аптада үйдің бағасы күрт қымбаттаған. Бұл азаматтардың зейнетақы қорынан қаражатын жаппай алып жатқанымен байланысты дейді.

centralasian.org

Комментарий (0)
Добавить комментарий