Қазақстанның барлық өңірі «қызыл аймақта» тұр

10 тамызда Қазақстанда 7 657 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бір күнде 7 521 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің сәрсенбі күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.

11 тамызда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде тамыз басталғалы бері вирус бәсеңдеді деп мәлімдеді. Бірақ қазір соған қарамастан күніне орташа есеппен 7 мың айналасында науқас тіркеліп жатыр. Барлық облыстар мен қалалар «қызыл аймақта» тұр.

Тәулік көрсеткіші бойынша алдыңғы орындарда Алматы (1493), Нұр-Сұлтан (1153), Қарағанды облысы (1125), Атырау облысы (618), Шымкент (574), Ақтөбе облысы (304) тұр. Қалған облыстарда анықталған науқастар 300-ге жетпейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 9 тамызда 588 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Сол күні 154 адам өлімі тіркелген: 130 адам – коронавирустан, 24 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Денсаулық сақтау саласының мамандары вирустың күшеюін коронавирустың дельта вариантының жылдам тарауымен байланыстырады. Дәрігерлердің айтуынша, дельта «ағза таңдамайды, ол жылдам асқынады, созылмалы аурудың жоқтығы аурудың асқынбауына кепілдік бола алмайды».

Індет басталғалы бері 656 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 540 мыңы жазылған. 7103-і қайтыс болған. 2020 жылдың тамыз айынан бері 64 мың адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 3949-і қайтыс болған.

Қазір 112 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 30 мың науқас стационарда жатыр. 1808 адамның жағдайы ауыр, 451 науқастың халі мүшкіл. 215 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Ақпан айынан бері 4,5 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасы салынған. 1,3 млн адам бірінші дозасын алған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий