Қолданушылар зейнетақы ақшасын алуға арналған қосымша дұрыс жұмыс істемей жатқанын хабарлады

Қазақстанда зейнетақы ақшасын пайдалану бойынша өтініштерді жүзеге асыратын өкілетті оператор Оtbasy Bank мобильді қосымшасы қиындықпен ашыла бастады.

Мұндай шағымдар зейнетақы ақшасын пайдалануға қатысты жаңа өзгерістердің күшіне енуіне бірнеше күн қалған кезде көбейіп отыр. 1 сәуірден бастап зейнетақы қорында міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшері («жеткілікті шек») шамамен екі есеге ұлғайып, азаматтардың оны пайдалану мүмкіндігі едәуір шектеледі.

Журналист Мөлдір Бақыт Facebook’тағы парақшасында “Отбасы” банктің 300 деген шұғыл желі орталығы қашан хабарлассаң да істемей тұрады, ал ақша аударатын кезде платформалары қатып қалады» деп шағымданды.

Отбасы банктің мобильді қосымшасының дұрыс істемей тұрғанын өзге қолданушылар да айтты. Кейбірі мобильді қосымша жөнді істемегендіктен алған қаражатты 20 күн ішінде мақсатына жұмсап үлгермей қалам ба деп қорқады.

Алгоритм бойынша, зейнетақы ақшасын пайдалану арқылы баспана жағдайын жақсартқысы келетін азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) сайтында өтініш қалдыруы тиіс. Өтініш мақұлданған жағдайда ақша Отбасы банктегі есепшотқа түседі.

Отбасы банктің баспасөз қызметі Азаттыққа азаматтар ең бастысы 1 сәуірге дейін өтініш беріп үлгерсе болғаны деді.

– БЖЗҚ бойынша өтініш enpf-otbasy.kz платформасы арқылы қабылданады, бұл платформа істеп тұр. Азаматтар 1 сәуірге дейін өтініш беріп үлгерсе болғаны. Яғни, 1 сәуірге дейін ақшаның түсуі шарт емес. Ең бастысы өтініш тапсырылып, БЖЗҚ оны қабылдауы тиіс. Егер өтініш БЖЗҚ-ға 31 наурызда түссе, ескі шарт бойынша қарала береді. Азаматтар 20 жұмыс күн аралығында бөлінген ақшаны мақсатқа сәйкес жұмсап үлгеруі тиіс, – деді баспасөз хатшысы Наталья Кутлина.

Отбасы банктің мобильді қосымшасының не үшін дұрыс жұмыс істемей тұрғаны және қашан қалпына келетіні туралы сұраққа баспасөз хатшысы «ақпарат күтіп отырғанын» жеткізді.

2021 жылы желтоқсанда БЖЗҚ қорда міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшері («жеткілікті шек») шамамен екі есеге ұлғаятынын хабарлаған.

Ресми ақпаратқа қарағанда, «жеткілікті шек» мөлшерінің көбеюі әлеуметтік көрсеткіштердің ұлғаюымен байланысты. Атап айтқанда, 2022 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 41 пайызға көбейген (42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін).

Жаңа өзгеріске сәйкес, 30 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуы тиіс «жеткілікті шек» мөлшері – 4,37 миллион теңге болады, 40 жастағылар үшін – 5,79 миллион теңге, 50 жас – 7,43 миллион теңге, ал 59 жастан бастап – 9,12 миллион теңге болады.

Зейнетақы қорындағы «артық ақшаны» пайдалануды жоспарлаған жұрт бұл өзгерістерге қарсылық білдірген.

Былтыр жыл соңында қоғам наразылығынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке зейнетақы ақшасын пайдалану бойынша жаңа ереженің күшіне ену мерзімін 1 сәуірге дейін ұзартуды тапсырған.

Елде зейнетақы жинақ қорындағы ақшаны басқару тиімділігіне сын жиі айтыла бастаған жақта ондағы ақшаның бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілген еді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарға қордағы ақшаны баспана, емдеу және инвестициялық басқаруға беруге рұқсат етілген.

Сарапшылардың айтуынша, зейнетақы қорындағы ақшаны ипотеканы жабу үшін пайдалануға беру – жылжымайтын мүлік нарығында бағаның шарықтауына әсер еткен. Кейбір сыншылар зейнетақы жинағы жоқ немесе мөлшері өте аз миллиондаған адам зейнет жасына жеткеннен кейін әлеуметтік қиындықтарға ұшырауы мүмкін деп ескертеді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий