Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады» деді Уәли Facebook желісінде.
Бейсенбі, 26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада оқ-дәрі жарылып, салдарынан 15 адам қаза тапты, жүзге тарта адам жарақат алды, бір адам хабар-ошарсыз. Қаза тапқандардың бәрі – қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері.
Келесі күні қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Азаттық журналисінің сауалына отставкаға өтініш беретінін айтқан.
Жамбыл облысы әкімдігінің айтуынша, апат салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық объект, үш мектеп бүлінген. Әкімдік үйлерді екі ай ішінде қалпына келтіруге уәде берді.
Ермекбаев апаттың себебі ретінде үш нұсқа қарастырылып жатқанын айтқан. Олар: жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия.
Бұл – Ермекбаевтың қорғаныс министрі қызметіндегі екінші апат. 2019 жылы осыған ұқсас жағдай Түркістан облысы Арыс қаласында болған. Ол жерде әскери қоймада жарылыс болып, төрт адам қайтыс болған, ондаған адам жарақаттанған. Апат салдарынан ондаған мың адам үйін тастап, босып кеткен.
Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін 29 тамыз апат кезінде мерт болған азаматтарды аза тұту күні болып жарияланды. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы қаралы күн.
Сол күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қаза тапқан қызметкерлерді марапаттау жөнінде қаулы шығарды.