Жогорку Кенештің 21 сәуірдегі отырысында мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов осылай деп мәлімдеді.
Депутат Марлен Маматалиев «стратегиялық әріптес» деп есептелетін Ресейдің фильмдерін көрсетуге не кедергі деп сұраған.
Министр Жаманқұлов ол фильмдердің мазмұнын қарау қажет болды деп жауап берді. «Соған байланысты комиссия құрылды. Түрлі пікірлер айтылып жатқан соң шешім қабылдауға асықпадық. Бірақ кеше рұқсат берілді», — деді мәдениет министрі.
15-17 сәуір аралығында Бішкек, Қара-Балта және Қаракөл қалаларында «Шындық айтылатын уақыт» кинофестиваль өтетіні, онда Донбасс туралы фильмдер тегін көрсетілетіні хабарланған. Ақпарат Ресейдің Қырғызстандағы ресми сайтында жарияланған. Алайда елшіліктер бұл шараға қатысы жоғын мәлімдеді. Бастаманы «Гармония» орыс мәдени орталығы көтерген делінеді.
Белсенді азаматтар «Шындық айтылатын уақыт» кинофестивалін өткізуге қарсы шықты. Олар Қырғызстанда Украинадағы жағдай ресейлік ақпарат кеңістігінің ықпалымен баяндалып жатыр деп есептейді. Содан кейін Бішкектегі Asia Mall сауда және ойын-сауық орталығы фильмдерді көрсетуден бас тартты. Қара-Балта мен Қаракөл қалалары да Донбасс туралы фильмдерді көрсетуді кейінге қалдырды.
2014 жылғы сәуірде Ресей қолдауына ие жікшілдер Донбасстағы екі облысты «Донецк Халық Республикасы» және «Луганск Халық Республикасы» деп жариялады.
2022 жылғы ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы жікшіл аймақтарды тәуелсіз мемлекеттер деп мойындайтынын жариялады. 22 ақпанда Мемлекеттік дума шешімді мақұлдады. 24 ақпанда Ресей әскері Украина аумағына басып кірді. Кремль басқыншылықты Донбасстағы «арнайы әскери операция» деп атады.
Ресей күштері Донбассқа толық бақылау орнатуға тырысып жатыр, сол себепті Украинамен арадағы бейбіт келіссөздер тығырыққа тіреліп қалды.