Биыл қыркүйкте мұғалімдердің жалақысы қысқарады деген әңгімеге сенбеңдер. Қырғызстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.
Министрлік мәліметінше, биыл сәуір айында ұстаздардың айлығы 80 пайызға көтерілді.
«Мұғалімдер еңбегін бағалау сағатпен емес, ай сайын есептеу әдісіне ауыстырылды, оның ең төменгі межесі анықталды. Мұғалім айлығы ең төменгі межені коэффициентке көбейту арқылы есептеледі», — деп түсіндірді білім министрлігі.
Алдағы уақытта ұстаздардың айлығы бұрынғы деңгейде сақталады, дейді министрліктегілер.
Бұның алдында әлеуметтік желілерде мұғалімдердің биыл сәуірде көтерілген айлығы қыркүйекте қысқарады деген әңгіме тараған.
Сәуірде Қырғызстанда мұғалімдердің, дәрігерлер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығы көтерілді. Үкімет шамамен 309 мың жұмысшының айлығы көтерілгенін, сол үшін 2022 жылдың тоғыз айына 26 миллиард сом бөлінгенін хабарлады.