Қырғызстандағы мемлекеттік органдар кеңсе қағазының екі бетінде пайдалануы тиіс. Үкімет басшысы Ақылбек Жапаров осындай шешім дайындап, оны президент әкімшілігіне ұсынуды тапсырды.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Ресми хабарда айтылғандай, мемлекеттік органдарға «кеңсе қағазының екі бетін де толтыру тәжірибесін енгізу» тапсырылады. Министрлер кеңсесінің мәліметінше, осы арқылы жылына шамамен 112 млн сом (1.4 млн доллар) үнемдеуге болады.
Бұған қоса, қаржы министрлігіне мемлекеттік органдардың кеңсе қағазын сатып алуға қатысты шығынын қаржыландыруды қысқарту тапсырылған.
Биылғы қаңтарда Ақылбек Жапаров 1 сәуірден бастап мемлекеттік органдардың бәрі электронды құжат айналымына көшеді деп мәлімдеген. Оның алдында бұл жұмысты тездетуді президент Садыр Жапаров тапсырған.
2019 жылы Қырғызстанда мемлекеттік органдарда электронды құжат айналымын іске қосу әрекеті сәтсіз аяқталды. Сол кезде «Электронды үкімет» жобасын жүзеге асыру барысында қауіпсіздік мәселесі дұрыс ескерілмегені мәлім болды.