5 мамырда Жалал-Абад облысындағы қырғыз-өзбек шекарасы маңында өзбекстандық шекарашылар үш қырғыз азаматына оқ атты. Бұл жөнінде Қырғызстанның шекара қызметі хабарлады.
Мекеме мәліметінше, 1974, 1998 және 2000 жылдары туған қырғыз азаматтары оқтан жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Бірақ үшеуі де есін жимастан, қайтыс болған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қырғыз шекарашылары өзбекстандық әріптестерімен кездесуге аттанған.
Қырғыз шекара қызметі тергеу басталғанын, бірақ әзірге құпия екенін мәлімдеді.
Өзбекстан тарапы бұл оқиғаға түсініктеме бермеді.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара қашықтығы 1378 шақырым. Оның 85% немесе 1170 шақырымы белгіленген. Қалған 10% келісімге келген, 5% даулы күйінде қалып тұр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев қырғыз-өзбек шекарасындағы мәселелер 100 пайыз шешімін тапты деп мәлімдеген.