Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Жогорку Кеңештің Ленин сайлау округы бойынша депутаттығына үміткердің үстінен іс қозғады. Бұл туралы ҰҚМК-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Арнайы қызмет үміткер аты-жөнінің бас әріптерін С.У.А. деп жариялады. Сенімді дереккөздер мәліметінше, іс депутаттыққа үміткер Ұлан Сариевтің үстінен қозғалған.
Арнайы қызмет таратқан ақпаратта үміткердің «үгіт-насихат кезінде сайлаушыларды сатып алуға талпынғанына бұлтартпас дәлелдер бары» жазылған.
Сариев Азаттықтың Қырғыз қызметіне 31 мамырда ҰҚМК қызметкерлері оның штабын тексергенін айтты.
«Кеше менің штабын үшін жалға алынған кеңсені тінтті. Олар үгіт-насихат материалдары мен құрал-жабдықтарды тәркіледі. Айтуларына қарағанда, тұрғындар комитеті балалар алаңқайын салып берем деген уәдемен бір тұрғынды маған дауыс беруге үгіттеді деп шағымданған. Мен осы үйдің тұрғындарымен кездескенмін. Сол кезде мен ЖК депутатының міндетіне балалар алаңқайының құрылысы кірмейді деп айтқанмын. Бірақ бұл мәселені шешу керек дегенмін. Сайлаудан кейін хабарласуын өтінгенмін. Ал қазір мені сайлаушыларды балалар алаңқайымен сатып алды деп айыптап отыр» дейді Сариев.
Ұлан Сариев 2021 жылы «Ынтымақ» партиясы атынан Бішкек қалалық кеңесінің депутаты болды. Биыл сәуірдің аяғында ЖК депутаттығына Ленин сайлау округы бойынша үміткер ретінде тіркелді.
Бұның алдында Бішкек қалалық ішкі істер департаментінің тергеу қызметі сайлаушылар даусын сатып алды деген күдікпен депутаттыққа үміткер Дамира Ниязәлиева штабының екі жұмысшысын ұстаған.
28 мамырда Бішкекте Жогорку Кеңештің Ленин округы бойынша депутат мандаты үшін сайлау өтті. Саяси науқанда Дамира Ниязәлиева жеңіске жеткені хабарланды.