Душанбе қаласында қырғыз-тәжік шекарасы жөніндегі келіссөздер аяқталды.
Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің жергілікті үкіметке сілтеме жасай отырып хабарлауынша, көрші екі елдің топографтарынан құрылған жұмыс тобы тәжік астанасында 21-26 маусым аралығында кездесулер өткізді. Жүздесу нәтижесінде хаттама қабылданды. Құжат мазмұны құпия сақталады.
Қырғыз үкіметі Душанбедегі кездесудің мән-жайын хабарламады, бірақ жүздесуді «достық пен түсіністік дәстүрімен өтті» деп сипаттады. Тараптар жұмыс тобының келесі кездесуін Қырғызстан аумағында өткізуге келісті.
Биыл ақпанда Қырғызстан мен Тәжікстан топографтарының жұмыс тобы қырғыз-тәжік шекарасындағы 81 шақырымды межелеп шыққаны хабарланған.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана ресми мәртебесі анықталған. Көрші елдердің шекарасындағы даулы жерлерде үнемі жанжал болып тұрады.