Қырғызстанда қолма-қол долларды шетелге шығаруға тыйым салынған соң банкаралық саудада америкалық валютаға сұраныс 90 пайызға азайды. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай шара Ресейдің валюта дилерлерінің әрекетіне тосқауыл болады. Бұның алдында дилерлер Қырғызстанда рубльді долларға айырбастап, оны сөмкелер мен чемодандармен сыртқа тасыған.
Қырғызстан билігі ішкі валюта нарығында доллар тапшылығы мәселесін шешуге талпынып жатыр. Былтырғы наурызда коммерциялық банктер мен айырбас бюроларына долларды сыртқа шығаруға тыйым салынса, жақында мұндай шектеу бәріне бірдей енгізілді. Енді шетел азаматтары Қырғызстаннан бес мың доллар ғана алып шыға алады. Республика азаматтары шетелге қолма-қол 10 мың доллар ғана шығарады. Одан асатын сомаға 10 пайыз төлем алынады.
«Мұндай шектеуді 10 ай бұрын валюта нарығында дағдарыс басталған уақытта енгізуі керек еді», — деп есептейді экономист Арсланбек Кененбаев.
Оның пікірінше, Қырғызстанда қолма-қол доллар тапшылығы негізінен Ресей факторына байланысты. Осы уақытқа дейін елге рубль көптеп тасылып, сыртқа доллар көп шығарылған. Заң бұған тыйым салмаған. Соның салдарынан Қырғызстан Ресей дилерлерінің офшор-валюта аймағына айналып шыға келді.
Республикадан қанша доллар шығып жатқанын әуежайлардағы және құрлықтағы бақылау-өткізу бекеттеріндегі шекарашылар қадағалайды. Елдегі валюта балансы енді солардың жұмысына байланысты болады.