Қырғызстанның сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев 21 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясының 76-сессиясында БҰҰ бас хатшысының орынбасары Кортни Раттреймен кездесті.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Қырғызстанның шалғайда орналасқан таулы 1000 ауылына қолдау сұраған. Қазақбаевтың айтуынша, билік халықаралық қауымдастықтың көмегімен бұл ауылдарды дамытуды көздеп отыр.
Руслан Қазақбаев мұндай модель әлемнің таулы өңірлеріндегі елді мекендерді дамытудың сәтті жолына айналады деп есептейді.
Кортни Раттрей де Қырғызстанның таулы өңірлерін дамытуға қолғабыс ететінін, сонымен бірге өз мандаты аясында Қырғызстанмен әріптес болатынын мәлімдеген.
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 21 қыркүйекте Нью-Йоркте Жоғары деңгейдегі дебаттар апталығы ашылады. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әлемдік қауымдастық алдында видеоүндеу жасайды.