17 мамырда Қырғызстанның Шу облысы Ысық-Ата ауданына қарасты Дмитриев ауылында атыс болды. Оқиға орнында түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарады.
Қырғызстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ІІМ мен ҰҚМК арнайы жасақтары қарулы терроршыны ұстау операциясын жүргізді деп хабарлады.
«Ол қарсылық көрсетті. ІІМ мен ҰҚМК жасақтарының арнайы операция барысында терроршының көзі жойылды», деп хабарлады ІІМ.
Мәліметтерге қарағанда, ІІМ мен ҰҚМК басшылары оқиға орнында жүр. ІІМ шұғыл тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Арнайы операцияға қатыста басқа да мәлімет жоқ.
Дмитриев ауылында болған атыста құқық қорғау органдарының екі қызметкері жараланды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, орган қызметкерлерінің бірі жеңіл жараланған, ол үйде емделеді. Ал екінші науқас жедел жәрдем көлігімен Ұлттық госпитальға түскен.