Қырғызстан Тоқтоғұл су қоймасынан «бір литр де су» сатпады, Қазақстаннан алдын алынған электр қуаты ғана қайтарылды. Қырғызстан энергетика министрі Боскул Бекмұрзаев осылай деп мәлімдеді.
Саясаткерлер бұл тақырыптан «хайп жасамауы» тиіс, деді министр Доскул Бекмұрзаев «ЭлТР» телеарнасына берген сұқбатында.
Оның айтуынша, жыл басында Тоқтоғұл су қоймасындағы судың аздығын ескерген Қырғызстан Қазақстаннан 900 млн кВт/с электр қуатын алуға келісті, оны үкімет үш жылға бөліп қайтарады.
«Ресми түрде мәлімдеймін, біз бір литр де су сатпадық. Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ. Қажет болғанда көршілер бізге электр қуатын берді, оны қайтаруымыз керек. Үштен бірі қайтарылды. 2022-2023 жылдары да солай болады. Депутат Дастан Далабайұлын [Бекешев] құрметтеймін, бірақ су сатты деп жұртты шатастырудың қажеті жоқ. Су сатылмады, сатылмайды да», деді Бекмұрзаев.
8 желтоқсанда Қазақстан премьер-министрі Асқар Мәмин Қырғызстан министрлер кеңсесінің басшысы Ақылбек Жапаровпен кездесіп, Қырғызстанға жазға қосымша су жібергені үшін алғыс айтты. Қырғызстан үкіметінің хабарламасында бұл туралы ештеңе айтылмады.
9 желтоқсанда Қырғызстанның энергетика министрлігі «қосымша су жіберілмегенін», өйткені судың әрбір текше метрі электр қуатына айналғанын, бөгеттен өткен суды Тоқтоғұл мен Таш-Кумыр су электр станциялары пайдаланғанын мәлімдеді.
Биыл Қырғызстандағы Тоқтоғұл су қоймасында су өте аз жиналды. 10 желтоқсанда мұнда 10,79 млрд текше метр су тұр. Қырғызстан қыста 6-7 млрд текме метр су пайдаланатынын ескерсек, қоймада көктемге қарай су тіпті азайып кетуі мүмкін.