Қырғыз президенті сақтандыру полисін басқаруды мемлекеттік компанияларға бергісі келеді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 1 ақпанда «Кабар» мемлекеттік агенттігіне берген сұқбатында ОСАГО сақтандыру полисі болмағандықтан, айыппұл енгізу мерзімін не себептен кейінге қалдырғанын түсіндірді.

Президент бұл жобаны әлі «шикі» деп атады.

«Оны жеке қолға берудің қажеті жоқ. Себебі, адамдар оларға сенбейді. Олар бұл қандай да бір шенеуніктің жеке бизнесі деп ойлайды. Сол себептен адамдар ОСАГО-ға қарсы шығып жатыр. Мен бұл істі өзім қолға аламын. Адамдардың сақтандыру полисін өздері кеп алғысы келетіндей жағдай жасаймын. Болашақта сақтандыру полисі жеке компанияларға берілуі мүмкін. Бірақ халықта таңдау болуы керек», — деді президент.

«Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі» заң 2015 жылы қабылданған. Бірақ бұл заңның күшіне ену мерзімін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін созған. Енді сәуір айынан бастап жол ережесін сақтамаған жүргізушілерге айыппұл салына бастайды.

Жогорку Кеңеш депутаттары жүргізушілерге сақтандыру полисін сатып алуға үлгеру үшін заңның күшіне ену мерзімін 1 сәуірге дейін созуды ұсынды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий