Қырғыз президенті Тәжікстанмен шекараға қатысты келіссөздің кейбір тұсын түсіндірді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Жогорку Кенеш отырысында Тәжікстанмен шекараға қатысты келіссөздердің кейбір тұсын түсіндірді. Мемлекет басшысы депутат Адахан Мадумаровтың сынына жауап берді.

«Сіз өздеріңіз қол қойған Төрт-Кочо жөніндегі келіссөз заңсыз, оны әжетханаға тастауға болады дейсіз. Бірақ келесі тарап олай деп есептемейді, оны қолына алып, жұртқа көрсетіп жүр. Бірнеше мәрте көрсетті. Астанада үшжақты кездесуде [Ресей президентінің қатысуымен] де көрсетті, қол қойып алып, орындамай отыр деді. Содан кейін ҰҚМК басшысы Қамчыбек Қыдыршаұлы [Тәшиев] екі мәрте келіссөз жүргізді. Біз оны [Төрт-Кочо] қайтардық, оған бейтарап мәртебе бердік. Ол жер сіздікі де, біздікі де болмайды деп оларды көндірдік. Кейін айнып қалып жүрмесе. Аумақ бейбатарап болады – біз сол арқылы Лейлекке, олар Хожа-Алоға өте алады», — деді президент.

Оның айтуынша, бейтарап жердегі үйлер сүріледі – тәжікстандықтардың 20 үйі, қырғызстандықтардың 3-4 үйі. Садыр Жапаров келіссөздердің басқа да тұсын ашып айтпады. Ресми Душанбе де бұл туралы ешқандай мәлімет таратпады.

Төрт-Кочо жер телімі Баткен облысының Көк-Таш ауылында орналасқан. Сол жерде Қырғызстанның Баткен-Исфана жолы мен Ворух анклавына апаратын жол түйіседі. Шекарадағы жанжалдар кезінде тараптардың бірі осы жолды жауып тастаған кездер болды.

«Бүтүн Қырғызстан» депутаттық фракциясының жетекшісі Адахан Мадумаров 2009 жылы Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тұрған уақытта Тәжікстаннан 5 гектар жерді Ош-Баткен-Исфана жолын жөндеп, көпір салу үшін жалға алу жөніндегі хаттамаға қол қойған. Мадумаровтың өзі бұл құжаттың заңдық күші жоқ, «шекараға қатысты келіссөздерге ешқандай әсер етпейді» деп есептейді.

Жыл басында осы мәселеге қатысты Мадумаровтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда парламент оны қылмыстық жауапқа тартуға рұқсат бермеген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий