Тәжікстанның Соғды облысының Халимбобо ауылының тұрғындары үйлерінің маңында қырғыз шекарашыларының жүргеніне алаңдайтынын жеткізген. Бұл ауыл Қырғызстанның Лейлек ауданымен шекараласады.
Қырғыз шекара қызметі 11 ақпанда бұл маңда жанжалдың алдын алынғанын мәлімдеді.
Халимбобо ауылының тұрғыны Муроджон Джурабойзода қырғыз тарабы үйінің алдын дуалмен қоршауға рұқсат бермей жатқанын айтқан.
«Осы ауылда тұратын қырғыз азаматтары үйлерін дуалмен қоршап жатқанын көріп, мен де қоршамақ болдым, бірақ маған қырғыз шекарашылары рұқсат бермей жатыр», — деді ол.
Қырғыз шекарашыларының айтуынша, сол күні Лейлек ауданында құрылыс жұмыстары жүрген. Бірақ 15-20 тәжік азаматы оларға кедергі келтірген.
Халимбобо ауылының әкімі Ахмаджон Шукуров «қырғыз тараптан құрылыс жүріп жатқанын көріп, біз де шекарашыларға барып, мәселе көтердік. Себебі, кезінде біз құрылысты бастаған кезде, олар қарсы болған», — дейді.
Қырғызстан шекара қызметінің мәліметінше, екі тарап та құрылысты тоқтатуға келіскен. Қазір жағдай тұрақты.