«Дордой» базарындағы саудагерлер 24 желтоқсанда касса аппараттарын орнатуға қарсы ереуілге шықты.
Наразы топпен салық қызметінің өкілдері кездесті. 22 желтоқсанда Жогорку Кенеш Салық кодексіне енгізілген жаңа ережені мақұлдаған.
«Дордойдағы» саудагерлердің айтуынша, кәсіпкерлер жаңа құжаттағы тәртіпті орындауға әзірге дайын емес. «Коронавирус пандемиясының кесірінен біз шығынға ұшырадық. Сауда жоқ. Осындай уақытта жаңа салық заңын енгізу дұрыс емес. Касса аппараттарына көшу керек шығар, бірақ оны кейін орындауға болады. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, тексеруші айына бір мәрте келе алады екен, бұның өзі жемқорлыққа жол ашады», — деп ашынды саудагерлер.
Экономика және коммерция министрінің орынбасары Данияр Амангелдиев касса аппараттарын енгізуді кейінге қалдыра тұру жөнінде өтінішті үкіметке жолдау керектігін айтты. Шенеуніктің пікірінше, касса аппараттарын қолданбай тұрып, оған қарсы шығу дұрыс емес.
Бұның алдында, 22 желтоқсанда, «Таатан» базарының саудагерлері дәл осындай талаппен парламентке барған. Олар салық инстекторларының касса аппараты жоқтарға айыппұл сала бастағанын айтқан.