Қырғызстанның энергетика және өндіріс министрі Кубанычбек Турдубаев 24 наурызда Жогорку Кеңеште депутаттар сауалына жауап беріп жатып, «Тоқтағұл ГЭС-індегі су көлемі қауіпті шекке жетті» деп мәлімдеді.
«Қауіпті шектен шығу үшін 1 млрд кВт сағат электр энергиясын сырттан алып келуіміз керек еді. Бұл бойынша Қазақстан, Өзбекстанмен келіссөз жүргіздік. 1 наурыздан бастап электр энергияны сырттан ала бастадық. Бүгінгі күнге дейін 120 млн кВт сағат электр алдық. Бұдан бөлек суды өз деңгейіне шығару үшін Бішкек Жылу электр орталығынан шығаратын электр энергия көлемін көбейтуді жоспарлап жатыр», — деді министр.
Тоқтағұл гидроэлектр станциясын (ГЭС) қамтамасыз ететін су көлемі қазір 8 млрд 788 млн текше метрді құрайды.
«Электр станциялары» кәсіпорнының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Тоқтағұл су қоймасына секундына 100 куб метр су ағып кіріп, 401 куб метр су шығып жатыр.
Тоқтағұл ГЭС-і Қырғызстанда электр энергиясының 33% өндіреді. Су қоймасында 19 млрд текше метр су сияды.