Ташкентте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің кездесуі аяқталды.
Кездесу аясында екі ел президенттері екі және көп тарапты қарым-қатынасты одан әрі дамыту әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Шавкат Мирзияев сөзінде екі елдің халқы нақты нәтижелерді сезіп, президенттер сөзден іске өтіп жатқанын көруі керек екенін атап өтті.
Өз кезегінде Садыр Жапаров Қырғызстан сауда-экономикалық қатынасты кеңейтуге өзгеше мән беретінін айтып, бизнес өкілдері үшін барлық қолайлы жағдайды жасау арқылы тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін көбейту мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда айналымы көлемін көбейту және барлық кедергілерді жою, бірлескен кәсіпорындар санын елуге жеткізу, компаниялардың және бизнес нысандары ортасындағы кооперацияларды күшейту, қырғыз-өзбек инвестициялық қорын құру, су және энергетиканы тиімді пайдалану бойынша келісімге қол жеткізген.
Садыр Жапаров Өзбекстанға екі күндік мемлекеттік сапармен 11 наурызда барған. Бұл оның президент болып сайланғаннан кейінгі Өзбекстанға жасаған алғашқы сапары.
Қырғыз-өзбек инвестициялық қорын құру туралы келісім былтыр желтоқсан айында екі елдің вице-премьерлері деңгейінде талқыланған. Онда қордың жарғылық капиталы 50 миллион доллар болатыны хабарланған.