Осыған дейін Қырғызстанның жоғары оқу орнында білім алып келген, бірақ қазір Тәжікстанда жүрген жүзден астам студент Бішкекке кіре алмай отыр.
Студенттер осыған дейін білім министрлігінің оқуды тәжік жоғары оқу орындарында жалғастыру жөніндегі ұсынысына көнбеген. Олар Қырғызстанда білім алуды қалайтынын айтқан. Биыл мамыр айында қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыстан кейін Қырғызстан шекарасын біржақты жапқан.
Қырғыз билігі шекара мәселесі толық шешілмейінше, өткізу бекеттері ашылмайды деп мәлімдеген.
Бішкектегі Славян университетінің студенті Мухаммадюсуф Қырғызстанға барып оқуын жалғастыра алмай отыр.
Оған Тәжікстандағы университетте білімін жалғастыруды ұсынған. Бірақ ол қарсылық білдірген.
«Маған жақында ашылған әлеуметтік университетте білім алуды ұсынды. Мен стоматология факультетінде оқимын. Мұнда маған мүлдем бөлек мамандық ұсынып отыр. Егер мені Абуали Сино атындағы медициналық университетке қабылдаса, келісер едім», — дейді Мухаммадюсуф.
Оның сөзінше, 62 тәжік студенті аталған медициналық университетке ауысып үлгерген. Бірақ бәріне мұндай мүмкіндік бермеген.
Тәжік билігі Қырғызстан билігінен шекарасын ашуды бірнеше рет сұраған. Бірақ шешімді жауап ала алмаған.