Коронавирусқа қарсы Turcovac түрік вакцинасын зерттеудің үшінші кезеңі Қырғызстанда да өтеді. Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа 23 маусымдағы баспасөз конференциясында осылай деп хабарлады.
«Зерттеудің үшінші кезеңіне 40 мың 800 ерікті қатысады. Сынақ Венгрияда, Әзербайжанда және Қырғызстанда өтеді. Зерттеуге басқа елдерді де тартқымыз келеді», — деді министр.
Қырғызстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі Гүлбара Ишенапысова әзірге бұл мәселеге қатысты ештеңе естімегенін айтты.
22 маусымда Түркияда Turcovac вакцинасын зерттеудің үшінші кезеңі басталды. Вакцинаны денсаулық сақтау министрлігі мен Эрджиес университеті дайындаған.
Түркия Pfizer/Biontech және Sinovac вакциналарын қолданып жүр. 22 маусымдағы мәлімет бойынша, елде 15 миллионға жуық адам вакцина салдырған.
Қырғызстанда коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны биыл 29 наурызда басталды. Республикада қытайдың SinoPharm және ресейлік Sputnik V вакциналары салынады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде 2,6 млн адам вакцина салдырған.